Мұстафа Шоқай – (25 желтоқсан 1889, қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылы – 27 желтоқсан 1941, Берлин) –Алаш қозғалысы қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист. Оның ата-бабалары Қыпшақ-Бошай тегінен шыққан дала аристократтары еді. Мұстафаның атасы Сырдария аймағының Хиуа хандығын билеуші, ал әкесі халыққа беделді билердің бірі болған.
Бастауыш білімді ауыл мектебінде, орта білімді Ташкенттегі орыс гимназиясынан алады да, Петербург университетін құқықтану мамандығы бойынша үздік бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші сиезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланады. Ол Ресейдегі «Бірлік туы» газетінің негізін қалаған алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.
1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші сиезі қабылдаған «Өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше сиезін тез арада өткізу ісін қолға алды.
1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-сиезінің төралқасына басшылық етті. Осы сиез шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай ұсынылды. Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ сиезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Сиез аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының сиезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады.
Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болады. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет атқарды. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді. 1929 жылы «Яш Туркестанда» Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б.тақырыптарда зерттеу мақалаларын жазды. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. 1941 жылы Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді.
Францияның Ножан-сюр-Марн (Валь-де-Марн департаменті) қаласында қазақ ұлт өкілдерінің қатысуымен ескерткіш тақта орнатылған. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіш қойылған.
Әдебиеттер:
- Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.247-251
- Бегманов Қ. Мұстафа Шоқай жолымен: кітап-альбом. – Алматы: «Сораба» баспасы, 2013. – 466 б.
- Қыдырәлі Д. Мұстафа. – Астана: «Деловой мир Астана», 2012. – 276 б.
- Мұстафа Шоқай // Қазақстан тарихы. – Алматы: «Аруна» ЖШС, 2006. – Б.585-588
- Мұстафа Шоқай ешкімнің алдында кінәлі емес // Қойгелдиев М. Тарих-күрес алаңы: мақалалар, сұхбаттар. – Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС; «Дәстүр», 2015. – Б.313-319
- Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: үш томдық. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2007.